The State historical and cultural museum-reserve

«Yezhelgi Taraz eskertkishteri»

Home / News / Жамбыл Жабаев - челендж

Жамбыл Жабаев - челендж

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл тауы етегінде дүниеге келген. Еркін және тентек болып өскен ол қобыз бен домбыра тартуды анасы Ұлданнан үйренді. Тым ерте өзінің поэзияға деген қызығушылығын сезінді. Бала кезінен «Қобыланды», «Алпамыс» эпостарынан, қырғыздың «Манас» эпосынан, «Рүстем туралы аңыз», «Көроғлы» шығармаларынан үзінділер орындады.

Айтысқа қатысқан Жамбыл жас кезінен, 16-17 жасынан кең танымал болды. Жас ақын өзінің суырып салма өнері арқылы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін қозғады, халықтың мұң-мұқтажын сөз етті, заңсыздықты сипаттады, бостандық үшін күресуге шақырды. Жамбылдың әндерінде, оның домбырасының үнінде қазақ халқының шынайы дауысы естіледі. «Я - зоркий сокол, я – напев моей страны», «я – ваш Жамбыл», - деп халыққа үндеді. Ол халық туралы, тек халық үшін ән салды. Жамбыл шығармалары әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, КСРО-да, шетелдерде үлкен басылымдарда жарық көрді.

Ж.Жабаев қазақ халқы поэтикалық өнерінің дамуына үлкен үлес қосты, бүкіл өмірін жалпыадамзаттық құндылықтар мен жақсылықты, әділеттілікті дәріптеуге және патриотизмді тәрбиелеуге арнады. Оның көптеген әндерінің мәтіндері жоғалып кеткен. Өзі мен шәкірттерінің естеліктері бойынша кейін Жамбылдың қатысуымен өткен айтыстардың бірқатар мәтіндері қалпына келтірілді. Екі өлең жазылды: «Патша әмірі тарылды» және «Зілді бұйрық».

1919 жылы ақын Жетісу (Семиречья) халық ақындарының жиынына, 1934 жылы 1-ші республикалық өнер шеберлерінің слетіне, 1936 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.

1938 жылы Ж.Жабаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының мүшесі болған. 1941 жылдың көктемінде ақынға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

Жабаевтың ақындық мұрасы қазақ халқының рухани қазынасының алтын қорына енгізілді. «Жамбыл - біздің дәуіріміздің ең жарқын әрі дарынды әншісі», - деп жазды ол туралы қазақтың белгілі жазушысы Мұхтар Әуезов. Орыс әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Николай Тихонов Жамбылды: «Өз халқының ар-намысы, дауысы, жүрегі мен шынайылығы» деп атады.

Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі поэзияда Ж.Жабаевтың Отанды қорғау және халықтар достығы тақырыбындағы шығармалары басты орын алды. Ол төрт жыл бойы сарбаздар, гвардияшылар, Мәскеу мен Ленинград қалалары туралы шығармаларын тарту етіп отырды. «Ленинградтық өрендерім!» өлеңі бүкіл әлемге таралды. Осы туындылардың көпшілігі патриоттық поэзияның нағыз жауһарлары болды.

Осындай ұлы тұлғаның есімімен аталатын облыста жұмыс жүргізіп жатқан "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейі атаулы мерекеге байланысты келелі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Бүгінгі челендж Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне және оған қарасты өнер, қорық-музейлер ұжымдарына жолданады.