"Ясауи ізімен" ғылыми экспедиция мүшелері Жамбыл облысына арнайы іссапармен келді
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Н.Ахметжанов басшылығындағы "Ясауи ізімен" ғылыми экспедиция мүшелері Жамбыл облысына арнайы іссапармен келді.
Жұмыс күнін Айша бибі кесенесінен бастаған экспедиция мүшелері жергілікті «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымымен біргелікте Тараз қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Ақыртас сарай-кешенінде кездесу өткізді.
Онда "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н. Ахметжанов Жамбыл облысына арналған сапардың мақсаты жайлы тоқталып, ұжымда жасалып жатқан жұмыстар туралы толық мағлұмат берді. "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н.Бықыбаев экспедиция мүшелерінің өңірге жасаған іс-сапарын қызу қолдайтынын білдіріп, кездесу қатысушыларын ұжымаралық байланысты арттыру бойынша атқарылар шаралар көлемін еселей түсуге шақырды.
Сондай-ақ, түркістандық қонақтар Тараз қаласындағы «Көне Тараз» қалашығы мен Қарахан кесенелерін аралап, көнеден жеткен құнды жәдігерлерді тамашалап, тарихи деректермен танысты.