Нарғозы Данаев атындағы №51 орта мектебінің оқушыларына «Дәуірлер көшіндегі Тараз» тақырыбында жылжымалы көрме
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Нарғозы Данаев атындағы №51 орта мектебінің оқушыларына «Дәуірлер көшіндегі Тараз» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтады. Ескерткіштердің құндылығын әрі мән-мағынасын музей-қорық мамандары Фариза Нұрқожақызы, Ұлбосын Хамитқызы және Назира Бахытқызы айтып түсіндірді.
Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң музей-қорыққа қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Сондай-ақ, оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Жылжымалы көрмеге Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар, тиындар жиынтығы және сиясауыт сынды көптеген жәдігерлер қойылды. Іс-шара соңында мектеп ұстаздары мен оқушылары музей-қорық қызметкерлеріне алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.