125 IHS «Бабадан қалған қолтаңба»
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері қалалық 125 International High School Халықаралық жоғары мектебінің оқушыларына «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтап, «Тараз және руханият» тақырыбында танымдық дәріс оқыды. Танымдық дәрістің мақсатын және ескерткіштердің құндылығын әрі мән-мағынасын музей-қорық мамандары Мадина Мананбайқызы мен Фариза Нұрқожақызы айтып түсіндірді.
Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Сондай-ақ, оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Жылжымалы көрмеге Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар, тиындар жиынтығы және сиясауыт сынды көптеген жәдігерлер қойылды.