Шыны бұйымдары
Ежелгі Тараздан табылған шыны артефактілерінің бөліктері функционалдық мақсаты бойынша бес топқа бөлінеді: шаруашылық-тұрмыстық, санитарлық-гигиеналық, парфюмерлік-дәріханалық, химиялық және терезе әйнектері. Өнімнің бұл түрлері Орта Азия мен Таяу Шығыс аймағында ерте орта ғасырлардан бастап Ұлы Жібек жолы бойында сауданың даму кезеңінде кең таралды. Шыны өндірісінің ежелгі және ортағасырлық орталықтары Жерорта теңізінің жағалауынан - Алдыңғы Азия, Қара теңіз аймағы, Кавказ және Орта Азия арқылы Үндістан мен Қытайға дейін созылды. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының Жетісу археологиялық экспедициясы кезінде Тараз қалашығынан А.Н. Берштамның (1938-1939 жж.), Т. Н. Сенигованың және Е. и. Агееваның (1961-1962 жж.) басшылығымен шыны бұйымдарының коллекциялары жиналды. Мәдени құндылықтардың стратиграфиясына сүйене отырып, ІХ-ХІІ ғасырларға жататынын анықтады. Тараз шынылары туралы Е.И.Агееваның еңбегінде жазылған – Средневековое стекло из Тараза. «По следам древних культур Казахстана». «Наука» баспасы. КазССР. Алма-Ата. 1970 ж. С.11-14. Ежелгі Тараз қалашығында 2015-2017 жж. археологиялық қазба жұмыстарының барысында табылған ортағасырлық шыны бұйымдары мен бөліктері қазіргі таңда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорында сақтаулы. IX-XII ғғ. ғылыми-зерттеу деректерінің негізінде Таразда шыны қолөнері өндірісі белсенді дамыды.
Мәдени қабаттардан табылған көптеген археологиялық жәдігерлер Орта Азия мен Таяу, Орта Шығыс мемлекеттерімен сол кезеңдерде мәдени-саяси тығыз байланысқандығын айғақтайды. Жетісу соғдылықтарының, әр елден көптеген қолөнершілердің Қазақстанның оңтүстік аймақтарына қоныс аударуы Талас алқабының аумағында шыны жасаудың дамуына септігін тигізді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде шахристанның ішкі бөлігінен археологтар шыны ыдыстардың фрагменттерін тапты. Тараз қалашығынан табылған шыны бұйымдарының барлық сынықтары морфологиялық талдаудан өтті. Олар негізгі құрылымдық бөліктерден тұрады: шеті, мойны, аяғы, тұтқасы, денесі, түбі. Әртүрлі көлемде, пішінде жасалынған. Шынының бетін тегіс, қабырға қалыңдығын біркелкі етіп, үрлеу әдісімен жасалған. Шыны балқыту пешінің техникалық әдісін – балқу температурасын 1200 градустан аспайтындай деңгейде жасаған. Пеш температурасының жеткіліксіздігіне байланысты шикізат толығымен балқытылмағандықтан, көбінесе ашық түсі сақталмай, көпіршіктеніп кеткен. Әртүрлі көлемді сипаттайтын шыныларға өндірістік және сәндік әрлеудің техникалық тәсілдері қолданылған.
Безендіру әдістері техниканың еркіндігі мен алуан түрлілігін көрсетеді: суық өңдеу элементтері – бедерлеу әдісі, «бал араларымен» ою-өрнек жасау, пішінін үрлеу, шыны жіптерін салу нәтижесіндегі қалыптама оюы. Шыны үрлеуге арналған түтік Шығыс Жерорта теңізінде б.з.д. І ғ. және б.з. І ғ. басында пайда болды. Шыны ыдыстарды үрлейтін түтікпен өндірудегі барлық техникалық әдістер негізгі құрылымдық элементтердің ұқсас формаларына ие.Әрбір қолөнер шеберінің талғамы бойынша жасалған шынының өрнегінде, сапасында айырмашылықтары бар. Тараз шыны ыдыстарының ерекшеліктері – түбі конус болып келеді. Өндірісте өте кең тараған әдіс – еркін үрлеу, пішінін келтіріп үрлеу. Шыны бұйымдарының бөліктерін талдау барысында Тараз тұрғындарының шыны ыдыстарын тұрмыста кеңінен қолданғандығын айғақтайды.Тараздағы қазба жұмыстары барысында табылған шыны бұйымдары ІХ-ХІІ ғғ. оңтүстік-шығыс Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аумағында шыны бұйымдарын жасау – Қарлұқтар және Қараханидтер әулетінің билік ету кезеңімен мерзімделеді.