«Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбындағы ғылыми экспедиция
«Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбындағы ғылыми экспедиция
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған «Бабадан қалған қолтаңба» ғылыми экспедиция мүшелері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарабастау ауылында орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығына арнайы іссапармен барды. Тасын түртсе тарихы сөйлейтін Тараз қаласынан киелі Таңбалы жеріне ат басын бұрған экспедиция тобы XI–XII ғасырлардағы көне дәуір шежіресі болып табылатын, жартас өнерін сақтап қалған, отандық және шетелдік туристер мен зерттеушілердің зор қызығушылығын тудырып отырған, ерекше тарихи аймақ «Таңбалы»тастар мекеніне барып, тарихымен танысып қайтты. Сапар барысында экспедиция мүшелері тәжірибе алмасу мақсатында «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мамандармен пікір алмасты. Сонымен қатар «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының Алматы облысына бағытталған сапарының мақсаты мен музей-қорықтың рухани жаңғыру жолындағы тарихи ізденістері мен атқарған жұмыстары жайлы мәлімдеді.