Әбдіқадір мешітінде мониторинг жұмыстары жүргізілді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны «Ғылыми зерттеу және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің қызметкерлері кезекті мониторинг жұмыстарын Тараз қаласының Абай-Көшеней көшелерiнiң қиылысында орналасқан Әбдіқадір мешітіне жүргізді.
Тарих және мәдениет ескерткіштерінің санатына жататын Әбдіқадір мешіті XX ғасырдың басында салынған, Тараз қаласының үлкен мешіттерінің бірі болып саналады. Үлкен ауласы және Әулиеата жеріндегі үлкен медресесі болған. 1920 жылдардың басында кешен толықтай бұзылып, қазіргі таңда оның тек кіре-беріс бөлігі ғана сақталған. Бұл мешіттегі бас имамдық парызды 1920 жылдарға дейін мұсылман әлеміне кеңінен таныс білімдар, ислам өркениеті мен рухани білімнің негіздерін зерттеп көптеген еңбектер жазған, есімі осы күнге дейін ел аузында жүрген Алтынхан төре атқарған.
Алғаш қайта қалпына келтіру жұмыстары 1975-1980 жылдары жүргізілді. 1990-шы жылы мешіттің кіре беріс есігі қайта қалпына келтіріліп, екі жақ жақтауы өрнекпен қашалған. 1992 жылы кешен аумағына жаңа медресе ғимараты салында. 2002 жылы мешіттің кіре-беріс қас бетіне толықтай қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кешеннің кіре берісі көркем мұра ретінде бағаланады, ол алғашқы құрылыс бөлігі – «дарбаза» түріндегі есігі. Айшықты есік пен күмбезді ескерткіш орын күйдірілген кірпіштен салынған, бас бет алды Көшеней көшесіне қараған. Күмбезінен тек жабу аралықтары ғана қалған. Кіре берісінің мол көлемді композициясы ортағасырлық аумақтық сәулет өнеріне тән элементтерді пайдалана отырып, дәстүрлі формада орындалған. Ауладағы батыс жақ іргесінің ортаңғы білікте қуысы бар, ол қақпаның маңдайшасына кіре орналасқан. Аула жақ сырты да екі қатарлы ұялармен өрнектелген. Бір төменгі қуысы шатырға кіретін саты болып табылады. Есік тұсындағы ішкі кеңістігі симметриялы орналасқан үлкен қуыстарымен кеңейтілген және доға тәрізді есік болып келеді, оның сыртына онша биік емес аркалы шамы бар күмбезді мұнара қойылған.
Мониторинг жұмыс барысында сол мешіттің қарауылшысы Бақыт Абдымомынов сол ғасырдан бізге жеткен мешіттің құрылысының қазіргі жай-күйімен таныстыра отырып, мешітке қазіргі уақытта келіп мінәжат ететін келушілердің санымен бөлісті. Мониторинг жұмыс барысында қызметкерлер мешіттің жоғарғы аркалы шамы бар мұнарасынан қыштан жасалған құмыраның бөліктерін тапты. Алдағы уақытта құмыраға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетіндігін хабарлай отырып, құмыраның толық бейнесін сіздермен бөлісеміз.