Ежелгі Тараз

Тараз тарихына арналған ғылыми мақала халықаралық жинаққа енді

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының археологы Гүлмарал Үшкемпірқызының Тараз қаласының зерттелу тарихына арналған ғылыми мақаласы халықаралық конференция материалдарының жинағына енді.
 
2026 жылғы 8 қазанда Ташкент қаласында Өзбекстан Ғылым академиясының Өзбекстан тарихы мемлекеттік музейінің 150 жылдығына орай «XXI ғасырдағы музейтану: зерттеулер, дәстүрлер және инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында музей ісі мен мәдени мұраны зерттеудің өзекті мәселелері талқыланып, қатысушылардың ғылыми еңбектері конференция материалдарының жинағына енгізілді.
«The history of the study of the city of Taraz: written sources and archaeological research» атты мақалада көне Тараздың зерттелу тарихы, жазба деректер мен археологиялық ізденістердің нәтижелері қарастырылған. Автор В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам, Л.И. Ремпель және Т.Н. Сенигова сынды ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, олардың қаланың тарихи келбетін зерделеуге қосқан үлесін талдаған.
 
Еңбекте Тараздың қалыптасу кезеңдері, тарихи топографиясы, этникалық және діни үдерістері, Қарахан дәуіріндегі өркендеуі мен Моңғол шапқыншылығынан кейінгі өзгерістері қамтылған. Сонымен қатар жазба деректер мен археологиялық материалдарды өзара салыстыра қарастыру арқылы қаланың тарихи даму ерекшеліктерін анықтауға басымдық берілген. Халықаралық ғылыми конференцияға қатысқаны үшін Гүлмарал Үшкемпірқызына арнайы сертификат табысталды.