Ежелгі Тараз
Жаңалықтар

Таразда «Берел қорғандары – егемендік пен елдіктің мұрасы» атты көшпелі көрме ашылды

29.10.2026
Таразда «Берел қорғандары – егемендік пен елдіктің мұрасы» атты көшпелі көрме ашылды
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Берел қорғандары – егемендік пен елдіктің мұрасы» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті. Жоба «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бірлесуімен ұйымдастырылды.
 
Көрменің мақсаты – Қазақстанның археологиялық мұрасын кеңінен таныстыру, ежелгі көшпелілер өркениетінің тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттау және ұлттық тарихтың сабақтастығын көрсету.
 
Экспозицияға Шығыс Қазақстан өңіріндегі Берел қорымынан табылған археологиялық жәдігерлер қойылды. Сақ дәуірінен жеткен бұл тарихи кешен Бұқтырма өзенінің оң жағалауында, Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай жеті шақырым жерде орналасқан. Қорым аумағында жүзден астам оба бар. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – табиғи тоң қабатының арқасында органикалық материалдардан жасалған кейбір бұйымдардың жақсы сақталуы.
Берел ескерткіштерінен табылған жәдігерлер ежелгі көшпелілердің дүниетанымы, қолөнері, жерлеу дәстүрі мен жылқы мәдениеті туралы құнды мәлімет береді. Аң стилінде жасалған әшекейлер, ат әбзелдері, ағаштан, сүйектен, тері мен киізден жасалған бұйымдар сол кезеңдегі қолөнер дәстүрі мен материалдық мәдениеттің ерекшеліктерін танытады.
 
Көрме экспозициясында 2019 жылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, жасы 2800 жылдан асатын алтын бұйымдар, №36 қорғаннан табылған сүйектен ойылған бұғы-грифон бейнелі ат әбзелдері ұсынылған. Сондай-ақ №16 қорғаннан табылған ер және әйел адамның бас сүйектері негізінде жасалған антропологиялық реконструкциялар, №2 қорғаннан табылған зооморфты сапты қола айна, әйелдердің әшекей бұйымдары және басқа да археологиялық олжалар келушілер назарына ұсынылды.
 
Көшпелі көрме тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және өңірлер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Оның Тараз қаласында ұйымдастырылуы келушілерге Шығыс Қазақстанның археологиялық мұрасымен танысып, көне мәдениеттердің Қазақстан тарихындағы орнын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Бөлісу: