«Тараз – қолөнершілер қаласы» IV халықаралық фестивалінің қатысушыларына арнайы экскурсия
«Тараз – қолөнершілер қаласы» IV халықаралық фестивалінің қатысушыларына Тараз қаласының тарихи-мәдени мұраларымен таныстыру мақсатында арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында қонақтар Қарахан кесенесі мен «Көне Тараз» археологиялық саябағын тамашалап, көне шаһардың бай тарихы мен сәулет өнерінің ерекшеліктері жөнінде мол мағлұмат алды. Сонымен қатар, фестиваль қонақтарына музей қорындағы бірегей жәдігерлерден жасақталған көрме ұсынылды. Көрмеде ортағасырлық кезеңге тиесілі археологиялық бұйымдар, тұрмыстық заттар мен тарихи құндылығы жоғары экспонаттар қойылып, Тараз өңірінің сан ғасырлық мәдениеті мен өркениеттік дамуы кеңінен насихатталды. Аталған іс-шара фестиваль қатысушыларына Тараздың тарихы мен рухани мұрасын тереңірек танытып, қала мәртебесін халықаралық деңгейде айшықтай түсті.
