«Тараз тарихындағы ақша айналымы» тақырыбында көрме ұйымдастырды
11.11.2026
Ұлттық валюта күніне орай «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Тараз тарихындағы ақша айналымы» тақырыбында көрме ұйымдастырды.
Көрмеде көне Тараз қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық жәдігерлер таныстырылды. Олардың қатарында Түргеш қағанаты мен Қарахан мемлекеті дәуірінің, сондай-ақ Қоқан хандығы мен Қытайға тән XVIII–XIX ғасырлардағы тиындар бар.
Экскурсия барысында келушілер көне тиындардың жасалу ерекшеліктері, ондағы жазулар мен таңбалардың тарихи маңызы, сол кезеңдегі ақша айналымы және сауда байланыстары туралы мәлімет алды. Сонымен қатар ортағасырлық Тараз тұрғындары пайдаланған қыш тиынсауыт таныстырылып, оның ақша жинауға арналған тұрмыстық бұйым болғаны түсіндірілді.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық валютаның тарихи тамырын таныту және қаланың экономикалық тарихын археологиялық мұралар арқылы насихаттау.





