«Ақынжанов оқулары – 2026» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми конференциясы
21.04.2026
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ақынжанов оқулары – 2026» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми конференциясы өтті.
Аталған беделді ғылыми алаң археология ғылымының өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен тың зерттеулерді ортаға салуға зор мүмкіндік берді. Конференция барысында Қазақстандағы археологиялық зерттеулер тарихынан бастап, тас дәуірі, ерте темір кезеңі, орта ғасырлар археологиясы, пәнаралық зерттеулер мен этноархеология мәселелері кеңінен қамтылды.
Осындай халықаралық деңгейдегі конференцияға «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің ғылыми қызметкерлері Мадина Мананбайқызы мен Гүлмарал Үшкемпірқызы қатысып, өздерінің ғылыми ізденістері мен тәжірибелерін таныстырып, кәсіби біліктіліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аталған қызметкерлердің конференцияға қатысуы – отандық ғылымның дамуына қосылған сүбелі үлес әрі жас ғалымдарға үлгі боларлық жетістік. Халықаралық деңгейдегі ғылыми ортада өз ойларын еркін жеткізіп, кәсіби пікір алмасуы олардың ғылым жолындағы табысты қадамдарының айқын көрінісі болды.
