АҚШ өкілі бастаған делегация Жамбыл өңірінің тарихи мұрасымен танысты
02.11.2026
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Аризона штатындағы Құрметті консулы Хью Холлман бастаған делегация Жамбыл облысына сапары аясында өңірдің тарихи-мәдени мұра нысандарын аралады.
Сапар барысында делегация мүшелері «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қарауындағы Айша бибі және Қарахан кесенелеріне барып, ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей үлгілерімен танысты.
Экскурсия барысында тарихи ескерткіштердің қалыптасу тарихы, сәулеттік құрылымы, көркемдік ерекшеліктері мен тарихи-мәдени құндылығы туралы кеңінен мәлімет берілді.
Атап айтқанда, Айша бибі кесенесінің сыртқы қабырғаларын безендірген терракоталық тақталар мен сан алуан ою-өрнектердің ерекшеліктеріне, сондай-ақ Қарахан кесенесінің тарихы мен Тараздың рухани-мәдени өміріндегі орнына назар аударылды.




